Алғашқы мектеп 1938 жылдың күзінде шағын бір бөлмелі саман тастан қаланған шатырсыз жәй үйде 1-ші, 2-ші, 3-ші орыс-кәріс сыныптары болып ашылды. Мектепті Ким Антон Данилович басқарды. Ол үй күні бүгінге дейін бар. Мектептің арнаулы құрылысын салу 1940-1941 жылдары басталды. Мектеп алғашқы кезде «Сарайшық орта мектебі» деп аталған. Жаманқала мен Сарайшықтағы бұзылған шіркеулердің тастарын әкеліп, орталау (1-8 сыныптар) орыс-кәріс мектебіне пайдалануға берілді. Ал, 9-10 сыныптар оқушылары Сорочинко мен Жаманқаладағы интернаттарда жатып оқыды.

 

Мектепке Чкалов есімі 1938 жылы В.П.Чкаловтың еш жерге қонбастан Америкаға ұшып баруын ұлығылау негізінде селоға Чкалов есімін беруге байланысты аталды. Ал, Чкалов орта мектебінің алғашқы құрылысына қосымша гимараттар 1953-1965 жылдары салынды.

 

Мектептің алғашқы ұстаздары – Ким Афанасий, Ким Мефодий, Ким Зоя Николаевна, Пак Александр Никитин, Мария Ивановна Назарова, Владимир Павлович Федостов, Цой Надежда, Шин Сергей өз мамандығының үздіктері. Олардың шәкірттерінің арасынан көптеген елге белгілі азаматтар тәрбиеленді. Москва қаласында тұратын экономика ғылымының кандидаттары Виктор Ким, Александр Кан, еліміздің әр қиырында тұратын математика ғылымдарының кандидаты Пак Иван, Пак Алексей, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Николай Тен, «Дарын» халықаралық құқықтық әлеуметтік-гуманитарлық институтының профессоры, генерал-майор Аркадий Хегай, тарих ғылымының докторы З.Алдамжаров, биология ғылымынығ кандидаты М.А.Алдамжарова, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Б.Өмірбекова, Алматы энергетика институты деканы Сайын Дүйсенов, сенатор Жандарбек Какишев, «Алматыинжстрой» АҚ президенті Бронислав Шин, «АСА» компаниясы президенті Хегай Алексей, «УС-99» мекемесі бас директоры Аркадий Ким, академик Фридрих Ким, «Эмос» компаниясы басшысы Моисей Шин осы мектеп түлектері.

 

Мектепті ұзақ жылдар Қазақ ССРы Жоғары Кеңесі депутаты болған, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім» Бану Хисамеденова еңбек етті. Ұлы Отан соғысынан кейін еңбек еткен Х.Тұқпашев, Н.Мухамбеталиев, О.Жалғасов, Ли-Ден-Сун, Елизавета Ким, С.Бижанов, Берғалиев Сенбі, Ерғалиев Ерғазы, Нургалиева Әсия, Какишев Шәміл т.б. әрқашан ел есінде.

 

Чкалов орта мектебінде қазіргі кезде 74 мұғалім дәріс береді. Олардың 69-ы жоғары білімді, 8 жоғары санатты, 29 бірінші санатты, 28 екінші санатты мұғалімдер.

Мектептің 34 сынып комплектісінде 519 оқушы, мектепалды дайындық топтарында 73 оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы интернатта 216 оқушы тәрбиеленеді.

80 жылда мектепті 9 оқушы «Алтын белгі», 13 оқушы ерекше аттестатпен аяқтады. Алғаш ашылғанына 80 жыл толғалы отырған қабырғалы ұжымының шығар асулары алда

 

Ізгілік мекенінің кешегісі мен бүгінгісі

 

Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы мектептерден басталады десек, Махамбет ауданы Чкалов атындағы орта мектеп 1938 жылы алғашқы шәкірттері мен ұстаздарын қабылдаған сәтінен қазіргі кезде үлкен білім ордасына айналған қасиетті қара шаңырақ.